Уа алейкум ассалам! Сұрағыңыз өте орынды. Екі дүние сардарының (с.ғ.с.) ғибратты ғұмыры жайлы көбірек білуге талаптанғаныңыз құптарлық іс. Мәуліт айы баршамызға мүбәрак болсын!
Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) өмірінде 4 мәрте умра жасаған. Имам Бухари және Муслимнің риуаятында Қатада: «Маған Әнәстің (р.а) айтуы бойынша пайғамбарымыз (с.ғ.с.) 4 мәрте умра жасады барлығы да зулқағда айында еді, тек қажылықпен бірге жасағаны тысында», – дейді[1]
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жасаған кіші қажылық сапарларын төмендегідей тізбектеуге болады:
Біріншісі: Хижреттің 6-шы жылы Худайбия деген жерге келгенде, мушриктер кедергі болып, Меккеге кіргізбей сол жерде құрбандықтарын шалып, шашын алдырып, кері қайтқан.
Екіншісі: Қаза умрасы, Хижреттің 7-ші жылы умра жасап, Мекке қаласында үш күн болып оралған.
Үшіншісі: Хижреттің 8-ші жылы Хунәйн ғазауатынан кері қайтқан уақытында, әуелі Меккеге барып умра жасаған. Содан кейін Мәдинаға оралған.
Төртіншісі: Хижреттің 10-шы жылы қажылықпен біріктіріп жасаған умрасы.
Әйгілі ғұлама имам ән-Нәуәуи Алла Елшісінің (с.ғ.с.) зулқағда айында умра жасауының себебін былайша түсіндіреді. «Исламнан бұрын жәһилиет дәуірінде арабтар «зульқағда айында умра жасау – істердің ең жаманы» деп тыйым салатын еді. Олардың бұл сөздерінің жалған әрі ол айда жасалған умраның әбестігі жоқ екенін көрсету мақсатында жасады», – дейді.[2]
Ғазиз Ахмет
«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы