+ 7 (7172) 999 387
hajj@muftyat.kz
05 Маусым, 2018

Қажылық жасау

Пайғамбарымыз (ﷺ): «Ислам бес (ұстынға) негізделген: Алладан басқа ешбір құдай жоқтығына және Мұхаммед Оның Елшісі екеніне куәлік беру; Намаз оқу; Зекет беру; Қажылық жасау; Рамазанда ораза тұту», - деген. (Имам әл-Бұхари)

Хадистен байқағанымыздай, қажылық – Ислам дініндегі басты тіректердің бірі. Шамасы келген кез-келген мұсылман Алланың қасиетті мекеніне барып, Алла алдындағы міндетін өтемейінше толық қанды мұсылман болмайтыны сөзсіз.

Шамасы жеткен әрбір мұсылман баласына қажылық ғибадаты парыз болғандықтын орындаушысы, ең бірінші, Алланың сый-сыяпатына кенеліп, күнәларынан арылады. Өйткені, Алла тағала өзінің әмірлерін орындаған құлдарын ақыретте сый-сыяпатқа бөлейтіні туралы уәде еткен. Қажылық ғибадатын ықыласпен орындаған құлдардың күнәларының кешірілетіні жайында Пайғамбарымыздың (ﷺ) бір хадисінде: «Кімде-кім әйелімен жақындаспай және күнәға ұрынбай қажылық жасайтын болса, онда ол анасынан жаңадан туылғандай болып, күнәсінан арылып қайтады»,-деген.  

Жүрегіне иман нұры ұялаған әрбір мұсылманның асыл арманы Алла тағаланың құзырына мына жалған дүниеде пендешілікпен істеп қойған күнәларынан арылып, анасынан жаңа туған сәбидей пәк күйде, жарқын жүзбен бару. Сондықтан да түн ұйқысын төрт бөліп, тәһажжүд оқып, ғапыл құлдардың шырт ұйқыда жатқан осы бір мезетте Раббысымен оңаша қалып, көз жасымен күнәлі жүрегін жуып, күнәларына кешірім тілеп жалбарынады. Тәубе етіп, шыжыған ыстықта нәпіл ораза ұстап, ықыласын аз да болса басқаға көрсету, мақтаныш сезімі араласпасын деген ниетпен тасада ешкімге көрсетпей садақа береді. Жалпы айтқанда, өміріндегі әрбір мүмкіншілікке, әрбір істеген жақсылығына, күнәларының кешірілуіне себеп болар деген үлкен үмітпен қарайды. Шыр айналып, зар илеп, күнәларына кешірім тілеген осы бір шынайы құлға Алла тағала қажылықты парыз етті. Өйткені бұл парызда ғұмыр бойы іздеген асыл арманын таппақ. Ол – күнәсінан жаңа туған сәбидей арылу, тазару.

Жер бетінің қай түкпірінде болса да мұсылмандардың аңсары қасиетті Қағбаға қарай ауып тұрады. Ибраһимнің (аләйһис-сәләм) дәуірінен бері Алла үйіне қажылық амалдарын орындау үшін олар дүниенің әр тарапынан ағылады. Мақсат – Жаратушысының алдында жалбарынып, күнәларына кешірім тілеу және Оның разығына жету болды. Қағба – Жаратқанға құлшылық қылулары үшін адамдарға арнап тұрғызылған жер бетіндегі алғашқы үй.

Алла қажылықтарыңызды қабыл етіп, амалдарыңызға сауап жазсын және күнәларыңызды кешірсін. Бізге тура жолды көрсеткен Пайғамбарымыз Мұхаммедке (ﷺ) оның отбасына, сахабалары мен соңынан ергендерге Алланың салауаты мен сәлемі болсын! Баршаңызға Алланың тыныштығы мен нұры жаусын! (әмин)